Türk Coğrafyası

[Türk Dünyası][bsummary]

Makaleler

[Makale][bigposts]

Köşe Yazıları

[Köşe Yazısı][twocolumns]

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯНЫҢ ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ АРТАДЫ


Мәжілісте Қазақстан мен Түркияның әскери ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын келісім ратификацияланды. Бұл құжатқа сай, бауырлас елдердің аталған саладағы байланысы тіпті күшейеді. НАТО ұйымы мүшесі әрі әскери техникасы аталған ұйымның стандарттарына сай келетін, сонымен қатар, бітімгерлік саласында және терроршылармен жылдар бойғы күресте тәжірибесі мол бауырлас елдің тәсіл-тәжірибесі біздің әскерлерге де пайдалы болары сөзсіз.    
Бұған дейін туыс екі ел арасындағы әскери салада екі келісім жасалған болатын. 1993 жылғы құжат «әскери білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы» болса, 1994 жылы қабылданған келісім «әскери ғылым, техника және білім беру саласындағы ынтымақтастық» деп аталған еді. Ал Қазақстан мен Түркияның қорғаныс ведомстваларының көптеген маңызды саласын регламанттейтін 21 пункттен тұратын бұл жолғы құжаттың жөні бөлек. Заң жоба «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Бұл жерде «әскери ынтымақтастық» деген сөзге баса мән берсеніз көп дүниені түсінесіз. Түркия Республикасы Қазақстанның қарулы күштерін қалыптастыруға алғашқылардың бір болып көмек қолын созып 1998 жылы 5 миллион АҚШ доллары көлемінде әскери жәрдем бергенін ұмытпаған абзал. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында маңызды келісімді  Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев таныстырды. Оның сөзінше, келісімге 2018 жылдың 13 қыркүйегінде Анкара қаласында қол қойылған.  «Түркия Республикасы Қазақстан Республикасының маңызды да негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып табылады. Және біздің мемлекеттің сыртқы саясатында ерекше орын алады. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмеуі және оларда іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібінің болмауына байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасасу туралы шешім қабылдаған болатын. Қарастырылып отырған келісімнің мақсаты — тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде әскери ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, картография, гидрография, топогеодезиялық қамтамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сонымен қатар, басқа да мәселелерді көздейді. Осы келісімді іске асыру бойынша іс-шаралар тараптармен бірлесіп әзірленген жылдық ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Келісімді іске асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді және екі мемлекеттің арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң әсер ететін болады. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді. Сондай-ақ кері әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды»,-деді баяндамасында Тимур Тұрарұлы. Депутат Асылбек Смағұлов болса бірден, «мен бұл заң жобаны қолдаймын және әріптестерімді қолдауға шақырамын», - деді, сосын Қорғаныс министрінің орынбасарына сауалын қойды. «Құрметті Тимур Тұрарұлы, келісімнің 3-бабында әскери даярлық және білім беру, оқыту — екі ел арасындағы Қорғаныс ведомствалары арасындағы ынтымақтастық салаларының бірі ретінде көрсетілген. Яғни Түркия қарулы күштерінің жауынгерлерлік қабылет деңгейі жоғары әрі әскери дайындық оқу орындарының желісі жақсы дамыған. Бұл жерде біз олардан тәжірибе алатын жеріміз бар. Демек, бұл норма осы заң жобасының ең маңызды тұсы деп білемін. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары елімізде әскери кадрларды дайындауда толыққанды оқу базасы қалыптасқанын да айта кеткен абзал. Осы орайда мынаны сұрайын дегем: осы келісім ратификацияланғаннан кейін елімізде дайындалмайтын әскери мамандықтар бойынша жіберетіндердің санын ұлғайту жоспарларыңызда бар ма?» Арнайы талдау нәтижесі бойынша Түркиядан білім алған әскери қызметшілердің білімдері де жоғары, практикалық біліктіліктерінің де күшті екені анықталғанына тоқталған Тимур Дәндібаев бауырлас елдің әскери оқу орындарында әскери теңіз күштеріне сәйкес, медициналық мамандықтар сынды тапшы мамандықтар бойынша жастарды оқытуды жоспарлап отырғандарын айтты. Өз кезегінде Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов қосымша баяндама жасады. «ҚР Түңғыш президенті, Елбасы Н.Назарабев өз сөздерінде біздің Түркия республикасымен ортақ әлеуметтік-мәдени факторларға негізделген ізгі қарым-қатынастарымыз туралы бірнеше рет айтты. Оған біздің халықтарымыздың тарихи, діни және мәдени жақындығы негіз болды. Сонымен қатар, Елбасы Түркияның жас мемлекетіміздің егемендігін бірінші болып мойындағанына ерекше мән берді. Қазақстан мен Түркия екі жақты ынтымақтастықтың аса мыңызды бағыттары бойынша өзара тиімді қатынастар мен ынтымақтастық орнатқан және оны ары қарай дамытып отыр. Мұнда тең құқықтық және өзара тиімді қағидаттар негізінде қорғаныс және қауіпсіздік саласында ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Түркияның қарулы күштері Қазақстанның қарулы күштерінің бастапқы қалыптасуы мен дамуы кезеңінде алғашқылардың бірі болып жан-жақты қолдау көрсетті. Бүгінгі күні екі елдің қорғаныс ведомствалары арасындағы әскери ынтымақтастық саласындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимал жолға қойылған. Қаралып отырған келісім тараптар арасындағы тең құқықтық және өзара тиімді қағидаттар негізінде әскери ынтымақтастық орнату және одан ары дамыту мәселелерін қамтиды. Келісімде қорғаныс өнеркәсібі саласы, әскери барлау, біліктілікті жетілдіруде өзара сапар, білім алмасу, әскери барлау, ақпаратты қорғау мен барлау ақпараттарын алмасу бойынша сондай-ақ екі мемлекеттің әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, юрисдикция және өзге де мәселелер қарастырылған. Келісім екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты кеңейтетін болады. Мәжіліс комитеті келісімді оң бағалап, ратификацияға ұсынды», -деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Заң жобаға Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан 130 депутаттың бірі қалайм дауыс беріп, қаулы қабылданды. Құжат  Сенатқа жол тартты. (ulys.kz)

Hiç yorum yok:

Yorum Gönder